Абайдың балалық шағы
«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқу материалдары

Қазақ халқының ұлы суреткер ақыны, ойшылы 1845 жылы 10 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Сырт Қасқабұлақ деген жерде Тобықты руының ішінде Құнанбай Өскенбайұлы мен Ұлжан Тұрпанқызының отбасында туған. Абайдың аты «Ибрагим» деп қойылған. Абай бала кезден Өскенбайдың әулетінің Үлкен әжесі атанып кеткен Зере әжесінің қолында өсті, Өскенбайдың бәйбішесі Тоқбала анамыз (Зере) Ибраһимді «Абай» деп еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді. Болашақ ұлы ақынның аталары қазаққа белгілі, елге сыйлы тұлғалар болған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай.
Құнанбайдың төрт әйелі болған. Біріншісі – Күнке. Бұдан туған баласы – Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан, Абай – Құнанбайдың 41 жасында туған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі – Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абай өлеңінің мәнісі осы. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.
Күнкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, күйеуін күте алмайтын болған соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай қолына алып өсіріпті. Ысқақты Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында өсірген. Күнке ерте уақыттан бөлек ауыл болып кеткен.
Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешесінің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Қалиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға «Телқара» деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеден қойылған атпен «Телқара» дейді екен.
Ұлжан сабырлы мінезді кісі болған. Абай – балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек.
Құнанбай жанның бәріне суық болған қалпында, өзінің балаларына да қатты, зілді болған. Сол қаталдық, зілін, ауыр өмір бұйрығын жас шағында еріксіз орындап, Абай да әке мінезінің ауыртпалығын көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен. Қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы: Абайды сүндетке 8-9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап «құдай, бүйткенше қыз қып жаратпаған екенсің!» депті. Ұлжан соған: «Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па?», – дейді. Абай: «Ә, онысы тағы бар ма еді!» – деп қуанады екен.
Абай екі шешенің тел баласы болып жүрген, кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентектеу де бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері, үйге қонған қонақтың әлде қалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес аңқау болғандықтан, өз шешесінің аулындағы үлкендері: Құнанбайдың бұл баласынан да Күнкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек.
Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның барлығын да араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда: түрік оқу, жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болу керек.
Оқушы мен оқытушының да барлық уақыты, түгелімен дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша болу керек.
Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Оқуға өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан анағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітаптан молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін екінші ретте кітапқа қарамай өзі жатқа айтып шыға алатындай зерек болған деседі. Сонымен дәріс ретінде оқылатын сабақтарды ұғып, білу Абайға өзге балалардан сонағұрлым оңай болған. Көп уақытын да алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынады. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұралары.
Бұларды Абай, бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған болу керек. Оқуға кірген соң-ақ, балалық дегенді көп білмей, тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған сияқты. Өйткені, сол жылдары Абайдың араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап алған ірі ақындары болған. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай бәйіттерін ұзыннан-ұзақ жаттап алғандары да болған.
Сол бала күнінде жаттаған кей сөздері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. Абайдың 30 жасында туған баласы Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді «Пәлен кітаптың пәлен бетінде» деп, жаңылмай жатқа айтып отырушы еді дейді.
Осы сияқты белгілерге қарағанда Абайдың медреседегі оқуы көбінесе «Мұқтасар» сияқты дін кітаптары болмай, дені ақын сөздері болу керек. Ерте күннен әңгімелі, өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт, ақындық өнерін кәдірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан.
Медресенің ауыр тәрбиесінде жүрген жас шәкірттің шын сүйетін жандары – Науаи, Сағди, Қожа-Хафиз, Физули сияқты ақындар болған.
Бұлардың сөздерін Абай бері келіп ұлғайған уақытына шейін тастамаған. Әрқашан оқып, әрқашан сүйсініп еске алып отырған.
Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанында қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.
Өзі оқымаса да балаларын оқытып жүрген Құнанбай, бір баласы Қалиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенінде, соңғы баласына Сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде Абайдан Ысқақ артық болады дегендерге: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой» дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен.
Ескіше оқыту тәртібі шынымен, «инемен құдық қазғандай» өнімсіз оқу болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп жаңа дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті, Абай араб, парсы тілін сол үш жылдың ішінде жақсы біліп шыққан. Мұның белгісі, сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.
Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз ғана араб, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлендерін араб, парсы тілдерімен Физули, Аллаяр, Бабырша айтады. Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:
Физули, Шәмси, Сайқали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа-Хафиз бүһеммәси
Мәдәт бер иә шағири фәрияд!-деп, өзі кәдірлеген ескі ақындардың аруағына сыйынумен бастайды.
Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, шығыстағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз сияқты.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы «Приходская школаға» түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ, мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады.
Жасы 13-ке толғанда, ерте есейіп, ақыл сезімі ашыла бастаған, өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса оқу, тәрбие беретін мектептің есігі жабылады.
Екі-үш жылдай қырдан гөрі тәуірірек үлгі беретін қалада болғанда, ақын болатын баланың алған жалғыз ғана нәрлі азығы: Шығыс ақындарын тану, солардың сөздерін ынтасы ауып сүйіп, көксеу болады. Осындай дүние есігін енді ғана ашқалы жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта, Абай, аздаған біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі.
Оқу, білім, кітап тәрбиесі сияқты нәрселер осы қалғаннан көп уақытқа шейін бұйырмаған ас сияқты болып, Абайдан алыста қалады. 13 жасқа толғанда әкесі Құнанбай ел билеу жұмысына өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды.
Баласын оқудан ерте шығарып алуына себеп болған нәрсе: ел жұмысында өзіне серік болатын іні-баланың Абайдан қолайлысы болмағандығы. Бала болса да сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған сияқты. Барлық балаларына қатал, қатты сыншы болған Құнанбай, Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген деуге болды.
Осы бала оқуды тастап әкесіне көмекке келеді. 13 жастағы Абай, әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап, ептеп бастауына керек.Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің «барып келінде» жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, келісім жасауға да ерік береді.
Абай жасына жетпей ұлғая бастайды. Балалық белгісін ерте жоғалтып, сөйлесіп жүрген үлкендеріне бала көрінбеу, олқы түспеу жағын көп ойлайды. Әкенің билігі, өмір талқысы және араласып жүрген үлкендері болсын, барлығы да Абайды оқудан алыстатып әкетумен тоқтамай, табиғи балалық қалпынан да жырып әкеткен.
Жас күнінен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы, шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін онды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін, ерекше халдарға ұшыраған.
Өзінің қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық сияқты өнерінің барлығын еріксіз осы жолға салған.
Ел-жұртпен араласқанда, сөз керек, тапқыштық керек, кезенді жерге келгенде, айла да, ашу да керек. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не сөйлейді, не істейді? Бұрынғы билер не айтып, не істеген? Өз әкесі қайтеді? Оған қарсы адамдар не тәсілде? Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ тесіле қарап, толық ұғынып, жете білуге тырысады.
Сонымен балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел-тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар түсетіндей білім алады. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақындары, кемел шешендері, жорықшыл батырлары, ерлері болсын барлығының жәйіндағы әңгімелер Абайға таныс дүние болып қалған. Қаладағы оқудан шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға, ендігі тәрбиеші ұстаз қазақтың халық қазынасы болады. Осылайша ел даналығын танып, соны ерте қамту, жас талапкерге жаңа зор мектеп болады. Бұл жөніндегі азық білімді ол әкесінен алмайды, халықтан шыққан шешен ділмәр, ақын, ескі әңгімешіден, көпшіліктен алады. Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулат, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың өзін бала күнінен естіп, танып, жаттап, тіпті тамашалап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс, жарыс сияқты өзге де неше алуан сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ жолаушылардан көп есітеді. Ол әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуанның зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны да көп естіп өседі. Осындай мұраларды сүю Абайдың негіз іргесін қатал, суық билер ортасында ғана қалдырмай, халық мұрасына бейім етіп жүреді.