Абайдың поэмалары
«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқу материалдары

Абай поэмаларының саны – үшеу. Олар «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» – аяқталмаған поэма. Ақынның бұл үш поэмасының үшеуі де өзінің туып-өскен қазақ ортасын, олардың тұрмысын, болмысын суреттейтін шығарма емес. Үшеуі де шығыстық дастан-аңыздардан немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерден құралған. Көлемі аз, оқиға сюжеті шағын, Абайдың осы поэмаларының негізгі идеясы мен мақсаты ұстаздық тәрбиелік ойларға арналғанын байқаймыз. Қоғам өмірін жан-жақты кең қамтитын роман-поэмаларға немесе шытырман оқиғалы қызық тартысқа құрылған романтикалық поэма жанрына Абай көп қызықпаған секілді.
Ақын белгілі бір оқиғаларды суреттей отырып, шығарма соңында оқушысын анық бір тәрбиелі ойға жетелейді.
«Масғұт» поэмасы.
Поэманың уақиғасы, тақырыбы шығыс халықтарының аңызынан алынғаны байқалады. И.С.Тургеневтің «Восточная легенда» атты қысқа әңгімесі мен «Масғұт» поэмасының бірінші бөлімінің сюжеті басынан аяғына дейін айна-қатесіз бірін-бірі қайталайды. Екеуінде де оқиға шығыс елдерінің бірінде, дәлірек айтсақ, Бағдад қаласында өтеді. Поэмада Абай араб халқының, оның тіршілігін нақты детальдармен кең қамтып суреттеуді мақсат етпеген. Поэма желісі бойынша басты кейіпкердің аты – Масғұт. Ешқандай ерекше қасиеті жоқ, қарапайым халық арасынан шыққан адам. Тіршілік ететін шаһары – Бағдад. Заманы – Һарон Рашид Халифаның тұсы. Кейін Масғұтқа кездесетін қария мұсылман аңыздарындағы Қызыр, қазақша Қыдыр ата. Халық түсінігіндегі Қыдыр ата кейде-кейде бағы жанған адамдардың көзіне көрініп, оларға бақ-дәулет үйлестіруші адам. Адамдардың көзіне әр жағдайда әр түрлі болып көрінетін Қыдыр ата поэмада Масғұтқа жәбір көріп, таяқ жеген бейшара шал кейпінде көрінеді. Масғұт оны ұрылар өлтірмекші болып, жәбірлеп жатқан жерінен құтқарып алады. Бұған риза болған шал, оны ертесіне бір жерге шақырып, бұзылған бір тамға ертіп барады.
Барса тамға бір гүл тұр солқылдаған,
Басында үш жеміс бар былқылдаған.
Бірі – ақ, бірі – қызыл, бірі – сары,
Таңдап ал мен берейін бірін саған.
Ағын жесең ақылың жаннан асар,
Сарыны алсаң дәулетің судай тасар.
Егер де қызыл жеміс алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар,-дейді шал.
Шалдың айтқандарын тыңдап, ойланған Масғұт қызыл жемісті алады. Ол ақылдан да, байлықтан да жиреніп қашады.
Абай өзінің бірінші қара сөзінде «Мал бағу (Абай бұл жерде дүние жинап, баюды айтып отыр Н.М.) жоқ, баға алмаймын… қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ. Ғылым бағу (Абай бұл жерде ақылды болуды айтып отыр Н.М.) жоқ, ғылым бағар да, ғылым сөзін сөйлер де адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Мұңданып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі тез қартайтатұғын күйік»-деген Абай, байлық пен ақылдан қашқан Масғұтқа, көп наданның ортасындағы сол өз басының аянышты халін айтқызып отыр. Қызыл жемісті таңдаған Масғұт:
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп еді
Еркектің еркек адам болса қасым бір пайдасы маған тиер
Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы?
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма, арашашы?
Тегінде адам басы сау бола ма?
Бойында тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып,
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?
Соны ойлап қызыл жеміс мен таңдадым
Берсеңіз жемек болып бел байладым.
Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ
Басында-ақ ойлап тегін абайладым.
Масғұт әйелді, ең алдымен адамзаттың қақ жарымы деп түсінеді. Оның ойынша әйел, ол саған жарық дүние сыйлаған – анаң, ол сенің өмірлік серік жарың. Әйел және әйел тегі ол сенің перзентің – қызың! Ол әйелдің достығын ерекше бағалайды. Әйел жынысы ер жынысымен адамгершілік жөнінде тең дәрежеде. Адамгершілік мораль философиясындағы өзі айтпақ болған ойларды гуманист-ақын Абай Масғұт атымен айтады. Поэмада моральдық философиялық ой, оқиға тартысынан емес, ақынның ақылынан туады. Масғұт қызыл алманы жеген соң, поэмадағы келесі оқиғалар, әйел қауымы, әйел достығы туралы болып, өріс алуы шарт еді. Бірақ, Масғұт бар әйел қауымы түгіл, бір әйелдің достығына душар болмайды. Бұл Абайдың «Масғұт» поэмасындағы композициялық тұрғыдан үлкен олқылыққа жол беруі еді. Қызыл жемісті жеген Масғұт әйел достығына кездесудің орнына:
Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,
Соңында Шәмсі-Жиһан аталыпты.
Мағынасы «бұл дүниенің күні» деген
Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты,-деп, ол ақыл парасаты арқылы күллі жаһанның яғни күллі әлемнің күні болған ақылды кісі болып кетеді.
Іс-жүзінде ол қызыл жемісті жеген кісі емес, қайта өзі жемеймін деген ақ жемісті жеген кісі болып, үлкен ақыл иесі болып шығады.
Сол Масғұт халифаға уәзір болып жүрген кезінде, түсінде сол баяғы Қыдыр шал аян беріп: «Ей, балам! Күндіз-түні қатты жауын жауады. Сол жауынның суын ішкен адам жеті күн жынды болып, жеті күннен соң қайта оңалады. Жынды болып қалмас үшін көп қылып су жинап ал»-дейді. Уәзір Масғұт мұны патшасына айтып, екеуі көп қылып су жинап алады. Айтқанындай уәделі күні қатты жауын жауып, сол судан ішкен патшалықтағы барлық адам жынды болып, патшаға бағынудан қалады. «Сендер кесапатты жауынның суын ішіп, кеселге ұшырап жынды болдындар»-деген патша мен уәзірді, жынды су ішіп, жынды болып қалған көпшілік өлтірмекші болады. Өлімнен құтыларлық қандай жол табамыз деген патшаға Масғұт: «Жынды судан өзіміз де ішуіміз керек»-дейді.
Екеуі жынды судан ішіп алды,
Құтырып көп алдына жетіп барды.
Өңкей жынды байқамай айтыппыз деп
Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.
…Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,
Еріксіз есті екеуін есер етті,-дей келе:
Көптің бәрі осындай, мысал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапыл боп көп нәрседен бос қаласың,
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең,-деген ақынның басты ойы – өмірде өзіндік көзқарасы, ойы, пікірі бар жеке тұлға қалыптастыру. Міне, осындай өзінің айтайын деген негізгі ойымен ақын поэмасын аяқтайды. Абай бұдан да бұрынғы ғибратты сөздеріндегі «Сократ хакімге у ішкізген», «Жанна д’Аркті отқа жаққан көпшілік емес пе еді «Көпте ақыл жоқ»:
Көп айтса көнді
Жұрт айтса болды
Белгісі надан адамның»-деген пікірлерін поэмада айтпақ болған мақсатты ойларымен ұштастырады. Өзінің бесінші қара сөзінде қазақ мақалдарын, ондағы айтпақ болған ойды талдап сынайтын Абай, «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас», «У ішсең руыңмен»-деген қазақ мәтелдерін «Масғұт» поэмасы арқылы сынап, өзінің сыншылдық-сатиралық ойынан хабар беріп тұрғандай. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Абай бұл поэмасының композициясын ойдағыдай толық көркем етіп шығара алмаған. Масғұт халифаға уәзір болған соң поэманың соңғы бөліміндегі «Жынды су» мотиві және одан туатын «Жұртың жынды болса, сен ақылды болма, қоса жынды бол»-дейтін қорытындылар, поэманың алғашқы бөлімінде суреттелетін қызыл жеміс таңдау себептеріне, оқыстан болған ерекше оқиға сияқты, логикалық жүйе жағынан үйлесіп, қиыспай тұр.
Поэманың түпкі идеясы – Арабстанда болған оқиғаны айту емес, Арабстандағы оқиға арқылы, ақын өзі өмір сүріп отырған қазақ қоғамына ой тастай отырып, «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды»,-дейтін емес, жеке тұлға ретінде өзіндік ойы бар, пікірі бар адам тәрбиелеу.
«Ескендір» поэмасы
«Ескендір» – Абайдың ең үздік поэмасы. «Масғұттай» емес, мұндағы сюжеттік құрылыс оқиға өрісіне сай, барлық әрекеттер мен қайшылықты оқиғалар негізгі ойларға ұйтқы болып, Ескендір басымен байланыстырыла суреттеледі.
Шығыста Ескендір, Еуропа елдерінің атауынша Александр дүние жүзі халықтарының аңыздарында, ертегі дастандарында ерекше орын алған адам.
Әр халықтың әдебиетіндегі Александр Македонскийдің бейнесін көп зерттеген ғалым Е.Э.Бертельс: «Шығыс халықтарына Александр жорықтарының шын мәні беймәлім болды. Александр грек республикасын талқандап, азаматтарын бағыныштыларға айналдырғаны, еркіндіктің орнына жеке адамның өктемдігін орнатуы, оның жорықтары Шығыс елдерін ойрандап, мәдени қазыналарын жойғанына олар мән бере қоймады. Мұндай әрекеттер шығыстық тирандарға тән әдет еді. Сондықтан да, нағыз Александр тез ұмытылып, аңыздар мен әңгіме-ертек тұмандарында тез ғайып болды. Александрды өнегелі басқарушы етіп суреттеу дәстүрі қалыптасты. Ол туралы нақты деректердің жоқтығынан кейіпкердің бойына автор қандай қасиеттерді қаласа соны ұялатты. Мұның өзі басқарушыға үйрету, ақыл айту (зерцало) тақырыбы топтасқан ерекше бір шығармалар тегінің тууына әкеп соқты. Сөйтіп, «Александрия» фабуласына өз кезінде ғылымның әр салаларының әр түрлі деректерді енгізу әрекетіне әкелді де, басқарушы адам меңгеруге тиіс білімдерді қызықты түрде хабарлайтын өзіндік бір энциклопедияға айналды. Бұл көркем шығармалар ғана емес, сол шығармалар жазылған дәуірдің саяси даналығының жиынтығы еді» [1,4]-деп жазды.
Бұл дәстүр Фирдоусидің (934-1020) поэмасы «Шаһнаманың» Искендер бөлімінде, Низамидің (1141-1203) «Искандер-Намэ», Хосроудың (1253-1325) «Искандердің зерцалосы», Жамидің (1414-1492) «Искандер даналығының кітабы» және Новоидің (1441-1501) дидактикалық философиялық дастаны «Садди Искандерий» («Ескендірдің қорғаны») шығармаларында дамығандығы белгілі.
Бұл айтылған шығармаларда Ескендір ақылды, әділетті де данышпан ел басқарушы қолбасы ретінде қастерлене жырланады.
Бұл аталған шығыс классиктерінің шығармаларын Абайдың жақсы білгеніне күмән жоқ. Абайға дейін тек азербайжан классигі Низами ғана Александр Македонскийдің тарихын дұрыс жазып, оны Филикустың (Филиптің) баласы деп жырласа, басқа авторлар Ескендірдің өмір тарихын өз қалауынша өзгертті. Мысалы, I-III ғасырлардағы «Псевдо-Каллисфен» романы оны Египет адамы Нектанебтың баласы десе, Фирдоуси Иран шахының ұрпағы ретінде баяндады.
Абайтанушы ғалым М.О.Әуезовтің айтуынша: «Соңғы тапқан деректерімізге қарағанда Абай Ескендір жайындағы аңызды түгелімен сол Низамидің «Ескендір намасынан» алған. Әзербайжанның ұлы классигінің ең зор поэмасы «Ескендір нама» сансыз көп оқиғалардан, көп тарау бөлімдерден құралған аса бай мазмұнды дастан. Ескендірдің Дариймен соғысқаны, онан соң азербайжан патша әйелі Нушабемен кездескені, Ескендір мен Хақан әңгімесі, Қытай, Тұран өлкелерінде жүрген сапарлары және терістік өлкедегі ғажайып бақыт, молшылық, әділет орнаған елге ұшырасуы – бәрі де Низамиде мол баян етіледі. «Ескендір наманың» тағы бірнеше тараулары сол Ескендірдің түн тарапынан шеккен сапарына арналады. Ол сапарға Ескендір Әбулхаят суын (мәңгі өмір беретін суды) іздеп барады.
Түн дүниесінде, ұзақ қараңғылық сапарында, сан қиыншылықтар ортасында қалың қолмен жүрген Ескендірді бастаушы Хызыр болады. Бұлар іздеген Әбулхаят суын Хызыр жалғыз тауып, өзі ішіп, жуынып алады. Астындағы ақбоз атын да суарып, әрі суға шомылдырады. Бірақ ғажайып суды Ескендірге білдірмек болғанда, ғажайып су ғайып болып кетеді.
Сол түн тарапта жүргенде, жорықтағы Ескендірге сыры, жайы мәлімсіз бір жас кездеседі. Ол жас періште деп айтылады. Сол жан Ескендірге өзгеше сыры бар, кішкентай тас береді. «Кейін ойлансаң осы тастан көп сыр көресің, ой табасың»,- дейді. Түн тарапынан Ескендірдің барлық серіктері неше алуан қымбат асыл тастар алып қайтады. Ескендірдің алғаны жаңағы кішкентай тас. Кейін Ескендір өзінің ойшылдарымен бірге отырып сол тасты сарапқа салады. Тас таразыға түскенде барлық өзге асылды баса береді. Оның салмағына қарсы қандай қазына үйсе де, пара-пар келмейді. Осы күйге қайран болған Ескендірдің қасына Хызыр келіп бір уыс топырақты кішкене тастың үстіне тастай бергенде, тас жағы жеңілейіп, аспанға көтеріледі. Сонда өзгеден бұрын Ескендірдің өзі ойшылдық танытып, «Топырақтан біткен топырақтан ғана тойым табады»,-деп байлау жасайды. Міне, біздің білуімізше, Абай пайдаланып отырған сюжет Низами жазған «Ескендір наманың» дәл осы тұсынан алынған [2, 191-192].
Сонда қалай, Абай «Ескендірді» Низамиден аударған болып шыға ма? Жоқ, олай емес екен! Тағы да сол ұлы ғалым М.Әуезовке жүгінейік. М.Әуезов: «Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында тағы бір шығыс ақыны қайталап әңгіме ететін, тың дастандар шығаратын дәстүр бар.
Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінен пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша бір тақырыпты әр ақынның қайталауы еш уақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше қайта жырлау, тыңнан толғау, ақындық шабыт сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді.
Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге «Назира», «Назирагөйлік» деп атау берген. Абай сол дәстүрді жақсы біліп қана қоймаған, қолданған да. Назира жолымен алдыңғы ақынның поэмасы бойынша, қайтадан жаңа поэма жазатын ақындар, кейінгі заманның көзқарасын, творчестволық жаңа поэзиясын танытады. Мысалы Низамидің «Хамсасында» жырланған «Ләйлі-Мәжнүн», «Хосырау-Шырынды» өзбектің ұлы классигі Науаи қолға алып жырлағанда көп тың жаңалықтар қосқан. Науаи өз дәуірінің ойшылы, өкілі болып отырып, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббатына да тыңнан шындық сипаттар береді. Ал, «Фархат-Шырында» Низамидағыдай емес, Хосрау патшаны үлкен сыншыл оймен әшкерелеп, зұлымдық сипатта суреттейді» [2, 194]- деп көрсетті.
Низами өзінің «Ескендір намасында» Ескендірді «әділетті», «ойшыл», «дана», «өнегелі» басшы-деп оны үлгі ете суреттесе,
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы ер көңілді
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен,-деп, өз поэмасын бірден Ескендірге жағымсыз мінездеме беруден бастаған Абай:
Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,
Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой,-деп Ескендір бойындағы жағымсыз қылықтарды көбейте келе:
Жазықсыз жақын елдің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан жердің бәрін де бодан қылып,
Өкіметпен қолына тартып апты.
Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады,-деп, даңғой, мақтаншақ Ескендірдің қара ниетті жауыздық басқыншылық соғыстары мен оның өмір тарихын батыс пен шығыстың білімін тең меңгерген хакім Абай, тарихи деректерге сай, ралистік тұрғыда суреттейді.
Сол жер жүзін жаулап алуды мақсат еткен Ескендір қатты шөлден қиналып, ақырында өзгеше тәтті, ғажап бір суға кездесіп, сол жердегі елді жаулап бағындыру мақсатында, суды өрлеп келе жатып, алтын қақпалы бір қорғанға кездеседі. Менменсіген тәкаппар Ескендір қорғанның қақпасын аша алмай:
-Білмесең, мен Ескендір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген,-деген Ескендірге:
-Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең!
Іші тар, көре алмастың біреуі сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең,-деп, ескерткішке сый сұраған өркөкірек Ескендірге орамалға түйіп бір қу сүйек беріп жібереді. Маған сыйға бір қу сүйек берді деп ашуланған Ескендірге данышпан Аристотель бұл сүйектің қасиетін көрсетейін деп, таразы алдырып, бір жағына сүйекті салып, екінші жағына қанша алтын-күміс, асыл заттарды салса да, сүйек асыл заттарды басып тұра береді. Аң-таң болған Ескендір мұның сырын тапшы деп, данышпан Аристотель хакімнен сұрағанда:
Хакім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды,
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды,-дейді.
Мұның мәнісін сұраған патшаға хакім Аристотель:
Бұл адам көз сүйегі,-дейді ханға,-
Тоя ма, адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні,
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен,-деп, өзінің поэмадағы оқушысына арнаған қорытынды өсиетін Аристотельдің аузымен айтқызған Абай:
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе, өзің қарқ болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасын біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп, сөйлесең, нең құрайды.
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!-деп, Абай поэманың соңғы шумақтарындағы ой-түйіндерін өз заманының тынысы мен талабына, өзінің негізгі гуманистік, ағартушылық бағытына сәйкестендіріп, бұрын өзге өлеңдерінде өзі айтып келген моральдық-философиялық тәрбиелі ойларына қарай бұрған. М.Әуезов айтқандай, «Ескендір» тақырыбына Шығыс ақындарымен «Назирагөйшілікке» барған Абайдың Шығыс классиктерінен негізгі айырмашылығы неде? Енді осыған келейік.
Біздің ойымызша, басты айырмашылығы сол, Шығыста «бірінші» ұстаз аталған данышпан-ғалым – Аристотель, шын өмірде тарихи Александр Македонский патшаны жас кезінде ғылымға тәрбиелеп оқытып, ұстазы болған. Бұл – тарихи шындық. Осы ақиқат шындықты хакім Абай тарихи еңбектер арқылы жақсы білген.
Шығыс классиктерінде Ескендір патшаға көмек беретін ақылшылары Қызыр ата не болмаса жас періште секілді әр түрлі қасиетке ие мифтік тұлғалар болса, Абайдың «Ескендірінде» Ескендір патшаның ақылшысы, өзінің өмірдегі ұстазы, тарихи тұлға, данышпан ғалым Аристотельдің өзі. Ақын Аристотельді:
Сол күнде Аристотель – жеке дара,
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара,-деп, жырға қосады.
Поэмада суреттелетін сүйектің сырын ашу оқиғасында, Аристотельдің ақылы мен гуманистік ойы оның даналығы жан-жақты тереңнен ашылады. Сүйектің сырын сұраған Ескендірге Аристотель:
Бұл – адам көз сүйегі,-деді ханға,-
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйылғанда,- дей келіп,
Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.
Сый сұрадың, бергені- бір қу сүйек,
Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат,- дейді.
Аристотельдің бұл сөзі Ескендірге ой салып, райынан қайтарады.
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
«Құдайым көрсетті,- деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім», — деп,
Қолын алып, жұртына қайта көшті,-деп, поэма оқиғасын аяқтаған ақын, Аристотельдің даналық сөздері арқылы Ескендірдің шапқыншылығын тоқтатып, жауыздықты әділеттілікке жеңдіріп, Аристотель образы арқылы даналық пен әділетті дәріптейді.
Поэмада Аристотель білімді де беделді, үлкен ақыл иесі, тіпті жер-жаһанды жаулаушы Ескендір патшаның өзінен де қаймықпай, оған өнегелі ой айтатын данышпан ретінде суреттеледі.
«Ескендір» поэмасындағы Аристотель бейнесі – тарихта болған данышпан ғалым Аристотельдің образы. Абай поэмада үлкен ақыл иесі Аристотельді патша Ескендірден сонағұрлым жоғары қояды. Мұның өзі тарихи деректерден мол мағлұматы бар, реалист-ақын, хакім Абайдың терең білімінен хабар берсе керек.
Екіншіден, өздерінің қиялынан туған «өнегелі басшы» идеясын дәріптеген Шығыс классиктері, тарихи Ескендірді білмеген, білуге тырыспаған да, оны мақсат етпеген де секілді. Батыс пен Шығыс білімін тең меңгеріп, ақындық шеберлікте ешкімге дес бермейтін хакім Абай, Ескендірдің өмір тарихын, оның жер жүзін жаулап алғысы келген қанқұйлы басқыншылық соғыстарын тарихи зерттеулерден жақсы білгені көрініп тұр. Тарихи шындық арқау болған Абайдың «Ескендір» поэмасында, Ескендір дүние жүзін жаулап алғысы келген басқыншы ретінде суреттелді.
Әлем әдебиетіндегі Александр Македонскийдің бейнесін көп зерттеген ғалым Е.Э.Бертельс Абайдың «Ескендір» поэмасын білмеген. Егер ол Абайдың «Ескендір» поэмасымен таныс болған болса, Абайдың «Ескендір» поэмасы, тарихта болған, дүние жүзін жаулап алғысы келген басқыншы Ескендірдің бар болмысын ашып көрсететін көркемдік шешімі аса жоғары, тарихи-реалистік шығарма екендігін мойындаған болар еді,- деп ойлаймыз.
Қорыта келгенде, Абай өзінің «Ескендір» поэмасындағы Ескендір бейнесі арқылы, тарихта болған басқыншы Александр Македонскийдің (Шығыста Ескендір) тарихи-реалистік бейнесін сомдаған.
Өз поэмасында тарихи-реализм тұрғысындағы тарихта болған, тарихи Ескендірдің бейнесін сомдап, адамгершілік пен әділетті жырлаған Абай, «Ескендір» тақырыбын жырлауда, шығыс классиктерінен сонағұрлым биікте тұр. Себебі, Абайдың «Ескендір» поэмасы – парасатты адамгершілік пен әділетті жырлаған тарихи-реалистік шығарма. Бұл – ақиқат дүние! Сондықтан да «Ескендір» поэмасын, Абайдың дүниежүзілік «Александрия» тақырыбына қосқан өзіндік зор үлесі деп қарауымыз керек.
«Әзімнің әңгімесі» поэмасы
Абай поэма жазуға қатты әуестенбеген. Тек бұл өнерді шәкірттеріне тапсырып отырған деседі. Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбай «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррақ батыр» атты поэмалар жазды. Ал ұлы Мағауия Абайдың ақылының арқасында: «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым атты поэмалар жазып қалдырды. Абай өмірінің соңына дейін 3 поэма («Масғұт», «Ескендір» және «Әзім әңгімесі») жазған. Оның соңғысы «Әзім әңгімесі» бітпей қалған. Шығарма оқиғасы «Мың бір түн» ертегісіндегі сюжетке құрылған. Бүгінгі әңгімеміз осы бітпей қалған поэма туралы болмақ.
«Әзімнің әңгімесі» дастанының жарыққа шығу тарихы.
Абайдың «Әзім әңгімесі» поэмасы – барша шығыс әдебиетінде кең тараған, негізгі бастау көзін арабтың ауыз әдебиетінен алатын «Мың бір түн» ертегілер желісінде жазылған. «Мың бір түн» ертегілері – Шаһрияр патшаның Шаһризада есімді әйелінің әр бір түнде оған айтқан ертегі-әңгімелері жинақталған әдеби ескерткіш.
«Мың бір түн» – әлем әдебиетінде көптеген шығармаларға шабыт көзі болған, адам баласының ізгілікті арманына негізделген шығыстық ертегі, қисса-дастандар. Бұл дастанды Еуропада тұңғыш рет француз Антон Галлан өз туған тіліне аударды.
«Әзім әңгімесі» Абай жинағына алғыш рет 1933 жылы енгізілген. Оған дейін ол Абайдың туысы және ақын шығармаларын жинақтаушы Ырсайдың Ысқағы деген адамның қолында сақталған. Бұл шығарма Абайдың 1909 жылы Санк-Петербургта шыққан тұңғыш жинағына да енбей қалған. Мүрсейіт қолжазбаларының ішінде де жоқ. Сондықтан кейбір зерттеушілер поэманың идеялық мазмұнына қарап, көркемдік анализге сүйене отырып, «Әзім әңгімесі» Абайдың шығармасы емес деседі. М.Әуезовтің өзі де «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904)» атты монографиялық еңбегінде: «Біздің ойымызша, 1927 жылы осы поэманың тексін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырсайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбадан өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да төлеу салып, аламыштап жіберген сияқты. Өйткені, поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар. Бұлай болмаса поэма Абайдың тіпті ерте кездерде, өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған, алғашқы черновик есепті бір нұсқа болуға керек. Қалай да «Әзім» поэмасы ең әуелі бітпеген шығарма болғандықтан, екінші көркемдік, шеберлік жағынан көңілдегідей қалыптаспаған дастан болғандықтан, бұл поэма жөніндегі түсінік сөздерді осы жоғарыдағы айтылған жайлармен аяқтаймыз» -дейді.
Бұл туралы белгілі ғалым Қажым Жұмалиев: «Мың бір түнде» мұндай ғажайып оқиғалар сан рет кездесе береді ғой. Әйтсе де, «Әзімнің олардан бір айырмасы – алхимия мәселесінің сөз болуы.
Абай «Мың бір түн» әңгімесінің бір тарауын өлеңге айналдырады. Джафар Бэкон тәрізді ғалымдар алдарына ғылыми үлкен мақсаттар қойса, Әзімге кездескен жәдігөй шал тәрізді сұм-сұрқиялар ғалымдардың ашқан ғылыми жаңалықтарын өздерінің баю мүддесіне пайдалануы, ол үшін неше түрлі зымияндыққа барулары мүмкін. Жәдігөйшал – солардың бірі. Байлықтың өзінше ауруы бар. Өмірінің ең қызығы, ең негізгі мақсаты тек баю ғана деп ұғынушылар қандай зұлымдық, іс-әрекеттерден де тайынбайды. Ездік те, қаныпезер қаражүректік те оларға бұйым емес. Поэмадағы алхимик жәдігөй шал өзінің зымияндық мақсатын орындау үшін Әзімді қолына алдап түсіреді де, тау басына, ысылдаған апжылан, айдаһарлардың ішінде қалдырады.
Шалда ешбір аяушылық сезім жоқ, өз істерін заңды деп ұғады. Екіжүзділік, қаярлық, қаражүректік, бәрі де шалдың басынан табылады. Поэманың негізгі идеясы да баюды нысана еткен адамдарға тән мінез-құлықтарды бейнелеу. Әзім өзінің жастығы, аңқаулығы, тәжірибесіздігі арқасында құлқынның құлы болған қу шалдың баю жолындағы құрбандығы болады. Поэманың аяғында ол қандай адам болатынын кім білсін, әзірге Әзімнің дініне берік, жүректілігінен басқа қасиеті байқалмайды. Жай баяндау үлгісінде поэма біркелкі тәуір де. Бірақ тым құрғақ, бірыңғай ұйқас, ырғақтары да ойдағыдай емес. Поэма әлі де зерттей түсуді керек етеді», — дейді.
Бір сөзім Мың бір түннен оқып жүрген,
Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.
Болыпты ағайынды екі жігіт,
Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.
Екеуі жетім еді әкесі өлген,
Талаптан жетеміз деп, бос жүрмеген.
Тігінші, кестеші еді кіші інісі,
Мұстапа суретшілік ғылым білген.
Екеуі екі айрылмақ қамын жеген,
Бір шетке кетпек болып жұрт көрмеген.
Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып,
Серт қылып, бір-біріне уәде берген.
Екеуін екі жаққа тағдыр бөлген
Жандар емес қатерден әсте именген.
Шынмашынға Сапасы кете тұрсын,
Мұстапа Балсураға бұрын келген.
Мұстапа – бойдақ, кедей біраз тұрған,
Кәсібін күннен-күнге тәңрі оңғарған.
Аздан соң қатын алып, үй салғызып,
Шаһарда сенімдінің бірі болған.
Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған,
Қағазға өрнек жасап, сурет ойған.
Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп,
Молдалар оның атын Әзім қойған.
Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті,
Сонан соң медресеге барып түсті.
Аз жылда жақсы ғылым нәсіп етіп,
Жас жігіт жүзі нұрлы, көңлі масты.
Оқудан шыға ұстады ата өнерін,
Асырды атасынан әрбір жерін.
Сол күнде ажал жетіп, Мұстапа өліп,
Жыртық-жетім болмады ол жас өрім.
Атаның харекетін ұстай алды,
Өнері артық шығып, жан таң қалды.
Алушылар көбейіп мұның ісін,
Бұрынғыдан артылып мал құралды.
Бір күні ләпкесінде отыр еді,
Торғын тон, алтын кемер бір шал келді.
Не қылса бір құрметті адам ғой деп,
Әзім тұрып, иіліп сәлем берді.
Сәлемін алды, шал да амандасты,
Қасына жуық келіп жақындасты.
— Жат жердің адамы едім, е, шырағым,
Не харекет қыласың? — деп сұрасты.
— Жасымнан жетім едім көңлі сынық,
Өнерім артық емес ондай ұлық.
Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін,
Харекетім – суретші, бояушылық.
— Мінезің, түсің жақсы надан дерге,
Артық өнер қиын ба талапты ерге?
Тесілген күні бойы сендей жасты
Аяймын, өнімі жоқ бұл өнерге!
Бұл сөзге Әзім тұрып ашуланды,
— Тұрпайы сөйлейсіз, — деп қарай қалды.
Атамның харекетін қорлама, бай,
Аш емен, болмасам да сендей малды.
— Қорламаймын һәм, балам, зорламаймын,
Тесілген күні бойы сені аяймын.
Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем,
Мысты алтын жасаушы ем, алдамаймын.
Шын өнерге қайтер ең көзің жетсе?
Әркімге жарамайды мұны үйретсе.
Өзі үлкен, өзі оңай, артық өнер,
Аз жұмыспен көп алтын хасил2 етсе.
Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп,
Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп.
Ертең ерте мысыңмен дайын болып,
Көңліңнің дәркүмәнін алшы шешіп.
Әуелі хақтығына жетсін көзің,
Серт қылдым ғой үйретпек болып өзім.
Ертең ерте сол жерден табыспаққа,
Екеуі уәде байлап, қойды сөзін.
Шал кетті, аң-таң бала үйге қайтты,
Көргенін апасына келіп айтты.
Химия ғылымы бар дейтін, сүйтсе дағы
Анасы басын шайқап, ішін тартты.
— Апар да мыс бақырды алдына сал,
Алтын болса, болады бір талай мал.
Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,
Жәдігөй боп жүрмесін антұрған шал.
Бала айтты: – Тәңірім қақса, бенде не етер,
Жалған болса, білінер, қор боп кетер.
Шын болып, уәдеге бармай қалсақ,
Ғапылдықтан айрылған ызасы өтер.
Не қылса, сол күн бала шала ұйықтайды,
Өтірік, расын ойланып таба алмайды.
Мыс бақырын қолына алды дағы,
Лапкеге күндегіден ерте барды.
Шал дағы дереу дайын бола қалды,
Бір дорбадан көмір мен көрік алды.
Екеуі сәлемдесіп болғаннан соң:
— Мысың қайда, балам? — деп дігір салды.
Мыс бақырды сындырды талқан қылып,
Көмірге салды мысты, дүкен кұрып.
Мыс былқылдап еріген кезінде шал
Шөншіктен ұсақ қара алды қырып.
Алды да ол дәрісін, мысқа салды,
Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.
Бір нәрсемен азырақ бұлғалақтап,
Алтын қып суынған соң қолына алды.
Алтынын алып берді қолындағы:
— Сарапқа сал бар даға шәрыңдағы
Алтын емес деп біреу айтса, балам,
Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.
Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,
Менің сөзім шын болса тәңрі оңғарып,
Сонау бақша ішінен табылармын,
Егер мені іздесең көңіліңе алып.
Әзім ұшты алтынды ала салып,
Не байларға көрсетті мұны апарып.
— Самородный сары алтын екен ғой, — деп,
Кім көрсе, айтады аң-таң қалып.
Үш мың үш ділдаға кетті сатып,
Шешесіне ап келді таңырқатып.
Шешесі: – Сол кісіні шақыр! — деді, —
Кетсін, — деп, — үйімізден дәм-тұз татып.
Бағанағы бақшаға Әзім келді,
Жолықты шал да, сонда отыр еді.
— Ей, ата, қылған ісің рас екен,
Қонақ боп, біздің үйден дәм тат, — деді.
Қос уыс ділда берді Әзімге шал:
— Сенің ортақ малың, — деп, — мендегі мал.
Шешілісіп, сырласып отыралық,
Әр түрлі қымбат баға ішкілік ал.
Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,
Нашалы4 боламыз ғой сөйлеп шалқып.
Анаңды да бір жерге жібер, балам,
Сырымды үйрете алман бойым тартып.
Күн батпай біттей алаң болма бізге,
Қас қарая келермін мен де сізге.
Ішіп, жеу арасында сөйлер сөз көп,
Ол үйде жан болмасын сенен өзге!
Әзім кезді базарды аз тентіреп,
Әр түрлі ішкілікті алды күреп.
Алтынды көргеннен соң, анасы да
Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.
Арақ, жеміс – әр түрлі нығмет5 дайын,
Қуанды алтын қолға кірген сайын.
Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,
Оңаша безендіріп тұрды жайын.
Көз байлана сып етіп шал да келді,
Әзім де есік ашты, дайын еді.
Әзімді баласына балағандай,
Жайнаңдап жарқын жүзбен үйге кірді.
Шал кіріп үйді тегіс аралады,
Бір Әзімнен басқа жан таба алмады.
Біротала бейілді беріп алған,
Әзім де бұл қылықты шам алмады.
Хош уақытсып сөйлейді шал барқылдап,
Қол қусырып Әзім тұр, сөзін тыңдап.
Асын жеп, қолын жуып болғаннан соң,
Әпкел деп ішкілікті қойды ымдап.
Бар іс қой әуелден-ақ ел салтында,
Орыс, неміс болса да, қай халқың да.
Пайда деп тән саулыққа ішетұғын,
Миуадан тартқан хамір артында.
Подносқа бөтелкемен арақ толды,
Бір-екі жақсы рюмке дайын болды.
Жоқтан барды сөйлесіп, сауқым салып,
Алысты пияланы оңды-солды.
Жайма-шуақ сұм шалдың іші мықты,
Алғашқы ішкен Әзімге тез-ақ шықты.
Бір аяқ қолдан қолға дегенсініп,
Жәдігөй стаканға дәру тықты.
Онысы түн ортасы болған заман,
Сұм екен талай жанды әуре қылған.
Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң,
Әзім барып жығылды шалқасынан.
Сонда шал терезеден бір ысқырды,
Төрт жігіт табыт алған үйге кірді.
Әзімді сол табытқа салды дағы,
Төртеуі көтеріп ап тысқа жүрді.
Әзімді мас қып алып, шал кенелді,
Есікті жабамын деп аз бөгелді.
Артын жым-жырт қылды да, антұрған шал
Төртеуін ертіп алып, тез жөнелді.
Теңіздің жағасында қалың қамыс,
Ішінде бір кеме бар шалға таныс.
Әзімді сол кемеге салды дағы,
Тұмсығын бұрып алды шетке шалыс.
Қасында жиырма-отыз жолдасы бар,
Қаладан таң атқанша кетіп алыс.
Ел тұрды, ертең кемпір үйге кірді,
Бала жазым болғанын іші білді.
Зар ұрды, ойбай салды, не бітірсін,
Тұра тұр, өзге жайын сұрама енді.
Әзім есін жиыпты ертең түсте,
Өз басын көрді қауіп-қатер істе.
Қол-аяғы байлаулы жатыр жалғыз,
Темір шетік қапас боп тұрды үсте.
Ырғалып орнынан ол әрең тұрды.
Түрегеліп антұрған шалды көрді.
— Ақсақал адам мұндай қыла ма екен,
Анамнан мені айырып бұл нең? — деді.
— Көзіңді аш, есіңді жи, енді ойнама,
Мені сен өз діндесің деп ойлама!
Мен отқа шоқынамын, дініме көн,
Менде бардың бәрінен қауіп ойлама!
Егерде көнбей қалсаң, наданшылық,
Әр күні сізге дайын бір жүз шыбық.
Мың жаның болса дағы құтылмайсың,
Табылмас енді менен майда қылық.
Бала айтты: – Дінім үшін жаным құрбан,
Жаннан қорқып, отыңа мен бас ұрман.
Дінім хақ, ісім ақпын, өлсем шәйіт,7
Қорқады деп үмітті үз сен антұрған.
Баланың бар киімін шешіп алды,
Жүз қамшы арқасына дүре салды.
Қыңқ етіп бір дыбысты шығармады,
Азырақ талмаусырап, нашарланды.
Мұнысын жаратпады қадір сұбхан,
Көк бұзылып, жер жүзі болды топан.
Байлаулы бала жайға қала берді,
Кемемен әуре болды көп антұрған.
Түн бойы ұйықтамады бір де мызғып,
Су сарылдап құйылды кемені ырғап.
Отыз құлы таусылды табанынан,
Су төгіп таң атқанша ол сарпылдап.
Отыз құл ақылдасты басты қосып,
Өлеміз деп ойлады жаннан шошып.
Бір шеттен бір жағаға келе жатқан
Кәрі иттің ұстай алды алдын тосып.
— Ақсақал, іс қыласыз ойланбастан,
Жаннан қорқып қашпаушы ек қара тастан.
Құдай сүймей, бұл істі бізге салды,
Қолын шеш, ризалық ал мына жастан.
Қолын шеш, ризалық ал, кісенді бұз,
Шапсаң айт, көнесің бе, уақыт тығыз.
Бұл сөзге көнбей қалсаң, ақыр өлдік,
Сені суға тастаймыз отызымыз!
Сонда шал мына сөзге аң-таң қалды,
Не қыларын біле алмай, аз ойланды.
Пішінін отызының байқаған соң,
Баланың қол-аяғын шешіп алды.
Мойнынан шырағым деп құшақтады,
Көзінің ағып жасы, бұршақтайды.
— Шырағым, мастықпенен қылыппын, — деп,
Әуелгі сөзден танып және алдайды.
Әзім жас, ақ бейілдеу адам еді,
Ойлады: өтірік болса, неге именді?
Мастықпен қылса, қылған шығар-ау деп,
Іс көрмеген жастықпен және сенді.
— Мастықпен қылған болсаң, кештім саған,
Кәрі ит те: – Шырағым — деп арсаңдаған.
Жел тынып, күн айығып баяғыдай,
Хикметімен тоқтатты бір жасаған.
Баланы сыйлап жатыр тамақ қамдап,
Су төккісіз жорға боп шал жылмаңдап.
Отыз құл мынау тек жан емес қой деп,
Әлінше қызметінде жүр тырбаңдап.
Бір мезгілде шал айтты: — Балам, тоқта,
Мысты алтын қылатын дәрі осы жақта.
Алыс емес, аз күндік жақын жерде,
Болмай ма молықтырып ап қайтсақ та?
Бала айтты: – Өзің біл! — деп бұл сөзіне,
Шал қуанды тиген соң ерік өзіне.
Төбесінен тік тұрып қылды қызмет,
Титтей шәргез келмейді мінезіне.
Сып етіп бір жағаға келді жетіп,
Шал жөнелді, баланы қасына ертіп.
Бір барабан тұр екен, қағып еді,
Қамады желмаялар дүбірлетіп.
Үш желмая ұстады жорығына,
Бірінің азық артты қомдығына.
Екеуіне ер ерттеп мініп алып,
Барабанды қалдырды орынына.
Желмаялар келеді желдей есіп,
Сұм шалдың бір тарапты көзі тесіп.
Шал айтады балаға: – Көрдің бе? — деп —
Бұлт тұр бұлдыраған елеңдесіп?
Ол өзі — бұлт емес, Қаптың тауы,
Бір бөлек үлкен таудың бергі бауры.
Бергі таудың басында сол дәрі бар,
Қырандай ап қайтармыз жібек баулы.
Түні бойы жүріпті, болды сәске,
Көрінді жарқыраған үйдей нәсте.
— Бұл не? — деп сұрап еді, тұра қашты,
Биттей аял қылмады кәпір әсте.
— Бұл не? — деп тағы да айтты Әзім сорлы,
Қашқаның не қылғаның мұнша ғұрлы?
— Шырағым, мұның өзі қатерлі жер,
Бұл бір қаскөй жәдігөй дәудің орны.
Соны айтты да, шал сабап жүре берді,
Бір өзен жатыр екен, соны өрледі.
Өзенді өрлегеннен бір айрылмай,
Дәл бесінде ұшыртып тауға келді.
Келді де бір жартасқа түсе қалды,
Азық артқан маяны жарып салды.
Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,
Өкпе-баурын тазалап, бәрін алды.
Сонда шал Әзімге арқан, қанжар берді,
— Маяның ішіне еніп, сен жат!-деді, —
Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,
Тау басында самұрық бізді көрді.
Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,
Маяны іліп алып, биікке өрлер.
Бір жерге қонғаннан соң жар-дағы шық,
Именіп адамзаттан ұшып кетер.
Тау басында бар қара ұсақ топырақ,
Қапқа толтыр кешікпей жылдамырақ.
Қап толған соң арқанға байлап жібер,
Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.
Сонан соң арқаныңды тасқа байла,
Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.
Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,
Жарамайды, қылмасаң сүйтіп айла.
Қап алды, қанжар алды сонда Әзім,
Сөзінің ұқты бәрін қылмай жазым.
— Шырағым, айтқанымды жаңылма,-деп,
Барынша қылып жатыр шал да тағзым.
Әзім де бөгелмеді бойын тежеп,
Талабы, тәуекелі сондай-ақ көп.
Тәңірінің бір жазғаны екі болмас,
Маяның ішіне енді тәуекел деп.
Маяның кетіп қалды ішін тігіп,
Шалекең жасырынды талға кіріп.
Аспаннан самұрық келіп, іліп алып,
Қайқайып қайта шықты бір-ақ ырғып.
Маяны самұрық қонды тасқа апарып,
Ер Әзім шыға келді ішін жарып.
Адамзатты көрген соң бұдан шошып,
Отырды самұрық құс аулақ барып.
Жалтаңдап Әзім шықты тау басына,
Тапты топырақ, толтырды дорбасына.
Қап толған соң, арқанға мықтап байлап,
Тау басынан жіберді атасына.
Жіберді әлгі қапты жерге атып,
Антұрған шал дәулетке қалды батып.
Қап жерге түскеннен соң, дінсіз кәпір
Арқанды алып кетті жұла тартып.
Айрылып арқанынан Әзім қалды,
— Арқанды неге алдың!-деп, айғай салды.
— Талайды осы тауға тастағанмын,
Соның бірі болдың-деп, кете барды.
Сұм шалдың дінсіздігін сонда білді,
Қарамай, бір қайрылмай, жүре берді.
Кәпірдің қайрылмасын білгеннен соң,
Жүгіріп жалтыр тастан жол іздеді.
Көрді, білді ол таста жолдың жоғын,
Сонан соң қамдап бақты қарны тоғын.
Азырақ жеміс тауып жеді дағы,
Көрмекке жата кетті хақ бұйрығын.
Күн де батты, бір жерге Әзім жатты,
Күн батқан соң жан-жағы салдыр.
Қараса қаптап жүрген бәрі айдаһар,
Сонда да біраз жатып ұйықтап қапты.
Ұйықтап кетіп, шошынып тез оянды,
Жұтқалы көрді келген айдаһарды.
Не де болса тәуекел қылды дағы,
Қанжармен қақ басынан шауып қалды.
Өзі де бір тарапқа ыршып кетті,
Бір биік ағаш көрген, соған жетті.
Биік жерде болайын деді дағы,
Сол түні ағаш басын мекен етті.
Әр-бері жатты-дағы, ұйықтап қалды,
Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.
Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,
Өзі шапқан таныды айдаһарды.
Ойлады тірі болса кетпес пе еді?
Өлген ғой мына айдаһар деп ойлады.
Ағаштан түсе қалып айдаһарға,
Қолына қанжар алып жетіп барды.
Көрді, білді айдаһар тірі емесін,
Тәңірі ұзын жаратқан сом денесін.
Қанжармен таспадай қып тіліп алып,
Аз ұқалап кептірді жон терісін.
Жалғап-жалғап, бір ұзын арқан етті,
Ер Әзім осылайша талап етті.
Бір ұшын тасқа байлап жібергенде,
Түсетұғын орнына әбден жетті.
Ер Әзім тәуекел қып жаннан күсіп,
Арқаннан ұстады да, кетті түсіп.
Қарақат жеп, мойыл жеп, судан ішіп,
Өзенді құлдады да жүгірді ұшып.
Үш қонып, төртінші күн белден асты,
Ол күні алтынды үйге душарласты.
Тау басынан түсірген тәуекелмен
Сол үйге кірмек болып қадам басты.
Қақпадан кірді ішкері қадам басып,
Бір үйінен өрледі бір үйге асып.
Тілдесерге еш адам жолықпады,
Төрдегі үйге кірді есік ашып.
Екі сұлу қыз отыр төрдегі үйде,
Ондай сұлу көрген жоқ бүтін елде.
Екі қыз шатраш ойнап, білмей қалды,
Кірді де тұра қалды орта жерде.
Екі қыз мұны көрді бас көтеріп,
Адамзатқа таңырқап, тұрды елеріп.
— Ей, жігіт, түсің жақсы жан екенсің
Жүр едің жәдігөйге не қып еріп?
Сөйледі Әзім дағы аянбай-ақ:
— Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ.
Әуелде өзі көрген бар қысаны
Сөйледі бірін қоймай бастан аяқ.
Екі қыз естіп білді Әзім жайын,
Есіркеп, мүсіркейді айтқан сайын:
— Сен бізге бауыр болып, тұр осында,
Не керектің қылалық бәрін дайын.
Құп болсын, олай болса, апаларым!
Дүниенің тартып жүрмін жапаларын.
Сағынсам, өз еліме жеткізе ме,
Айтсаңыз, мархаматты аталарың?
— Көңілді бос суытпа біздей қыздан,
Сізге уәде біздерге тәңірі айтқызған.
Шыдағанша шыдап бақ қасымызда,
Қайтпағың келер біздің қолымыздан.
Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,
Достықпен жүрек еріп тәуір еттік:
Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,
Еліңе жеткізуге біз де жеттік.
Құп болады десті де, серт байласты,
Қатты-қатты айтысып уағдаласты.
Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен
Тым жақын дос болуға ыңғайласты.
Күн жаңғырып, бойына қуат енген.
Алтынды үйдің ішінде еркеленген.
— Жан-жағын қалай сайран қылсаң еркің,
Жалғыз-ақ бір есікке кірме,-деген.
Екі қыз кетіп бір күн, қалды Әзім,
Салған жоқ қыздар оның көңліне ажым.
Тал түсте бағанағы кірме деген
Есікке кіріп кетті – бар ма лажың?
Кірсе, ар жағы дөңгелек қалың ағаш,
Ішінде бір қауыз бар ернеуі тас.
Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,
Салтанатын түгендей айтып болмас.
Тас ернеуі – меруерт, ол көрінген,
Кеткісі келмес жанның мұны көрген.
Ер Әзім тамашалап қарап тұрса,
Бір түрлі таңғажайып құстар келген.
(Аяғы бітпей қалған)

Сапарға аттанған жадігөй шал мен Әзім. ©bilimland.kz
Әзім әңгімесі не үшін аяқталмағаны белгісіз. Алғаш рет 1933 жылы Абай шығармалары жинағына енген. Оған дейін қолда жүрген қолжазба, ескіріп, кейбір жері өшуге айналған. Сондықтан поэманың кейбір жолдарын Мұхтар Әуезов «Абайдың стилі емес» деп санайды: «Бұл поэманың өзегі «Мың бір түннің» бір тарауы – «Әлидің Әзімі» деген ұзақ ертегі болатын. Біздің ойымызша, 1927 жылы осы поэманың текстін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырысайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбада өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да «төлеу» салып, аламыштап жіберген сияқгы. Өйткені поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар.
Бұлай болмаса, поэма Абайдың тіпті ерте кездерде өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған, алғашқы черновик есепті бір вариант болуға керек. Қалай да «Әзім» поэмасы, ең әуелі, бітпеген шығарма болғандықтан, екінші, көркемдік, шеберлік жағынан көңілдегідей қалыптанған дастан болмағандықтан, бұл поэма жөніндегі түсінік сөздерді осы, жогарыдағы айтылған жайлармен аяқтаймыз”, — дейді.

Құз басындағы Әзім. ©bilimland.kz
Поэманың соңында Әзім құз басындағы ұядан айдаһарды өлтіріп, жонынан кесіп алған терісінен арқан өріп, төменге түседі. Содан соң жәдігөй шал жолда кездестіріп, айналып өткен сәулелі үйге барады. Үйдегі екі қыз мұны өздеріне бауыр етеді. Үйді аралап көрсетіп: «Осындағы заттардың барлығы сенің иелігіңде, тек мына есікті ашпа!» дейді. Екі қыз жоқта Әзім есікті ашып көреді. Ішінде құйқылжыта сайраған әсем құстар мен мәуелі бақ бар екен. Поэма осы жерден бітеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Е.Э.Бертельс. Роман об Александре и его главные версии на Востоке. М.Л. 1948, 378 стр.
- М.О.Әуезов. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Монография. Алматы, «Жазушы» — 1985ж. 496 бет.
Abai.kz

Апалы-сіңлілілермен кездескен Әзім. ©bilimland.kz
Біз аталған шығарманы аяғы бітпей қалған деп оқып жүрміз, бірақ мұнымен академик, әдебиет зерттеушісі Жанғара Дәдебаев келіспейді. Ғалым Абай поэмасындағы кейбір жолдар оған тиесілі емес деушілерге де қарсы.
«Басқалар айта береді. Әуезов «Әзім әңгімесіне» күмән келтірген жоқ. Абай туралы алып-қашпа сөздер болады. Бұл туралы жақсы мақала жариялау керек. Абайдың данышпандығын көрсету керек. Абайтанушыларға тапсырыспен Әзімнің әңгімесі классикалық шығарма екенін жазғызу керек. Аяқталмай қалды дегенге келсек, негізі сюжеті осымен аяқталып тұр. Сол жеткілікті. Айтар ойын айтты. Ары қарай жалғастыруға да, жалғастырмауға да болады», — дейді ғалым.